Алғыс айту күні – барша қазақстандықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, қиын-қыстау кезеңде өз еркінен тыс Қазақстан жеріне келіп, екінші Отанын осы жерден тапқан әрбір ұлтқа қазақ халқының көрсеткен мейірімі, пейілі мен жомарттығының мерекесі.
27 ақпан күні осыған орай Көкшетау қаласының тарихы музей қызметкерлері №8 жалпы орта білім беретін мектебімен бірлесе «Жылы сөзбен, мейірімді іспен» атты іс-шара өткізді. Кездесу барысында поляк ұлтының өкілі, юстиция ардагері Павел Станиславович Трищ, «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының басшысы Герихан Ибрагимович Яндиев, «Видергебурт» неміс қоғамының өкілі Хаврушина Людмила Степановна Қазақстанға күштеп жер аударылған ата-бабалары туралы әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Мектеп оқушылары қонақтар алдында өз өнерін көрсетті.
Кездесу-кештің соңында қатысушылар Алғыс айту күніне орай ұлттық тағам – құрттан дәм татты. Ал іс-шара қонақтары Алғыс хаттармен марапатталды. Кездесу «ZOOM» арқылы Анталиядағы (Түркия) Сайме Салих атындағы мектебіне тікелей көрсетілді.