Бүгін,17 ақпан күні, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, КСРО Сауда саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, қаламыздың өркендеуіне айрықша үлес қосқан Қымбат Қайыркенқызы Мұстафина 80 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Ол 1945 жылы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданындағы Құдық-Ағаш ауылында дүниеге келген. Әкесі ауылшаруашылықта бригадир, дүкеннің меңгерушісі болған. Анасы – мұғалім.
1985 жылы Қымбат Қайыркенқызы Көкшетау облыстық атқару комитетінің сауда басқармасының басшысы болып тағайындалды. Жұмысты төменгі сатыдан бастаған ол сауда саласының барлық қырын жан-жақты танып, облыстағы сауданың дамуына қомақты үлес қосты. Осы жылдары Көкшетауда ірі сауда кәсіпорындары белсенді түрде дамып, кәсіпкерлік саласында көптеген жаңа бастамалар қолға алынды. Ал 1992 жылы ашылған оның «Ынтымақ» сауда-коммерциялық фирмасы шағын және орта кәсiпкерлiктiң алғашқы кәсiпорындарының бiрi болды. Қымбат Қайыркенқызы облыс және қала әкімінің орынбасары, қалалық мәслихатының депутаты ретінде де көп мәселелерді шешуге атсалысып, қала тұрғындарының өмірін жақсартуға ұмтылды. Мәселен,«Нұрай» балабақшасы өтпелі кезеңде қараусыз қалып, талан-таражға ұшыраған болса, оның ел игілігіне қайтадан қызмет етуіне Қымбат Қайыркенқызының еңбегі зор. Қымбат Қайыркенқызының жетістіктері мен өмір жолы бүгінгі жастар үшін үлгі аларлық тәжірибе болып табылады.
