Гауһар Қанатбаева — өз кәсібімен отбасын асырап, сонымен қатар алыс-жақын елдерге сапалы отандық бұйым ұсынып жүрген кәсіпкер. Гауһар Ғабитқызы 1981 жылы Алматы қаласында салт-дәстүрді дәріптеген өнерлі де өнегелі отбасында дүниеге келген. 1998-2003 жж. Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық университетінің «музыка және ән» факультетінде оқып, тәмамдаған. Гауһар Ғабитқызы Қазақстанға ғана емес, шетелдерге қолөнерімен танымал болған Бозымбай Асхат Дәулеткерімұлымен отау құрып, отбасы болғаннан кейін қолөнерге түбегейлі ден қойып, оны отбасылық кәсіпке айналдырды. Халқымыздың тұрмысына қажетті заттар, киізден кәде сыйлар, сырмақ, текемет, өрмек тоқу, құрақ құрау, ерлер бас киімі: тымақ, тақия, бөрік, сырт киімдері: шапан, жадаға және киіз үй жабдықтарын жасаумен айналысады. 2010 жылы Алматыдан отбасымен бірге Астана қаласына қоныс аударып, Қосшы қаласында үйлерінің жанынан шеберхана салып, осы жолда еңбек етуде. Өнер жолында жүрген отбасы әлемге әйгілі тұлғалармен жүздесіп, шетел азаматтарына төл өнерлері арқылы халқымыздың болмысын, салт-дәстүрін таныстырып, насихаттаудан жалыққан емес. Өнерлі отбасының қолөнер бұйымдарын атақты Голливуд жұлдыздары: Стивен Сигал, Рой Джонс, Эйхан, Джеки Чан иеленгенін үлкен мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ Өзбекстан президенті, Түркияның бірінші ханымы, Араб әмірлігінің ханзадасы Асхат Дәулеткерімұлы мен Гауһар Ғабитқызының отбасылық өнеріне сүйсініп, жоғары баға берген. Гауһар Ғабитқызы Индонезия астанасы Джакарта қаласына барған іс сапарында дүниежүзілік әйелдер қауымдастығының Алғыс хатына ие болған. Бүгінгі күні қазақтың қолөнершілік дәстүрін дәріптеу мақсатында Алқа радиосының төл жобасы — «Шеберлер алқасы» бағдарламасын жүргізетін ерлі-зайыпты шеберлер бірге көптеген республикалық, облыстық, көрмелерге, фестивалдарға қатысып, қазақ елінің атын әлемге танытуда