Биыл Көкшетау қаласының музыка мектебі өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өтуде!
1920 жылы 5 ақпан күні Көкшетауда Халық үйінің жанынан балалар музыка мектебі ашылды. Небәрі 6 мұғалім 180 оқушыға фортепиано, скрипка, үрмелі аспаптарда ойнауды үйретті.
Бүгінде мектепте 18 музыкалық мамандық бойынша 400-ден астам оқушы білім алуда. Оқытуды 68 білікті де талантты ұстаздар жүргізеді. Мектепте баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, дарынды балаларға қолдау көрсетуге және мәдениет пен өнер саласында болашақ мамандығын таңдауға барлық жағдай жасалған. Бірақ, жүз жыл бұрынғыдай, мұғалімдер үшін де, жас музыканттар үшін де сүйікті музыкалық аспаптардың бірі пианино болып қала береді.
Көкшетау қала тарихының музейінің көрме залдарының бірінде ерекше экспонат – 1946 жылы шығарылған «Беларусь» пианиносы қойылған. Аспап «Қаз.ССР Халық ағарту ісінің үздігі», Балалар музыка мектебінде 1958 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін 30 жылдан астам жұмыс істеген еңбек ардагері – Т.С. Максимичеваға тиесілі. Бұл пианино тек тарихтың бір бөлігі ғана емес, ол Татьяна Семёновнаның адал серігі және жас музыканттардың шеберлікке алғашқы қадамдарын жасаған көптеген тамаша сәттердің куәсі болды.