Ең әдемі киім — ұлтық киім. Қазақи киімдерге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Оны тақия, шапан, қамзол киіп, ұлтық әшекей бұйымдарды таққан қыз-жігіттерден байқауға болады. Ұлттық киімдерді тігіп, оны насихаттап жүрген этнодизайнерлер қатары да жыл санап өсіп келеді. Солардың бірі — Марипа Туслан.
Марипа Туслан Ақмола облысы Қараөткел ауылының тұрғыны. Тігін саласымен айналысып жүргеніне 30 жылдан асқан шебер 1976 жылы 28 шілдеде Моңғолия республикасында дүниеге келген.1991 жылы атамекенге, Қазақ еліне қоныс аударып, ата-анасымен, бауырларымен бірге Талдықорған облысы Көлбай ауылына көшіп келеді. 1995 жылы Талдықорған қаласындағы техникумға оқуға түсіп, 1997 жылы модельер-дизайнер мамандығын бітіріп шығады. Қолөнерге 13-15 жасынан қызығушылық танытқан Марипа маталарды Қытай, Монғолия, Ресей, Шымкенттен арнайы тапсырыспен алдырып, киімдерді заманауи ұлттық стильде тігеді. «Басты мақсатым — қазақтың ұлттық тәрбиесі мен ұлтымыздың салт-дәстүрлерін сақтап қалу. Киім арқылы ұлтымыздың осы дүниелерін дәріптеуге тырысамын. Қазағымның ұлттық киімдері әрқашан күнделікті күйбең тіршілікте қолданатын тарихымыздың көзі, ғасырдан-ғасырға жаңғырып келе жатқан қазақи стиль, салт-дәстүріміздің көрінісі, көзі деп ойлаймын. Жыл санап келешек ұрпаққа қазағымыздың шапаны, қамзолы, қыздарға арналған кеудешелері, саптама етік, былғарыдан тігілген күртешелер күнделікті киюге қолданысқа ие болса, нұр үстіне нұр болатын еді» — дейді қолөнер шебері.
Марипа Туслан облыстық, республикалық көптеген байқау, көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған.