Аманжолов Руслан Амангелдіұлы 1979 жылы 24 шілдеде Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Краснофлотский совхозында дүниеге келген. 2005 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «бейнелеу өнері және сызу» факультетін тәмамдап, еңбек жолын сызу және еңбекке баулу мұғалімі ретінде бастаған. 2007 жылдан бастап «Блэк» ЖШС-де ағаш тегістеуші, кейіннен ағаш кесуші болып жұмыс істей жүріп, сүректің барлық түрлерін үйреніп, меңгеріп алған. 2022 жылдан бастап Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналасқан Руслан Амангелдіұлы 2023 жылдан бастап осы мектепте сәндік-қолданбалы өнер үйірмесінде қосымша білім беру педагогы қызметін атқаруда. Сабақта олар батырлардың сауыттарының үлгісін, ағаш бұйымдарын (астау, кесе, ожау) жасаумен айналысады. Шебер өз шығармашылығында технологияның түрлі тәсілдері мен түрлерін пайдаланады. Өз жұмыстарын дайындау кезінде қайың, қарағай, емен, металл пайдаланады. Сәндік-қолданбалы шығармашылықты, қазақ шеберлерінің бізге қалдырылған мұрасы ретінде және сол бай материалдар арқылы қазақ халқының тарихын, оның салт-дәстүрін, өнерін зерттеуге болады – дейді Руслан Амангелдіұлы. Шебер түрлі қалалық және облыстық көрмелерге қатысып, көптеген мақтау қағаздарымен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.