Әлемнашрих Шәкенұлы — қолөнер шебері. Ол 1973 жылы Моңғолия Республикасының Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. 2005 жылы атамекенге қоныс аударған. Бүгінгі күні Ермейментау ауданы Торғай ауылының тұрғыны.
Ұлттық бұйымдар жасауға бала кезден қызығушылық танытқан шебер мал терісін илеп аяқ киім, түлкі терісінен тымақ тігеді. Ол темір, ағаш, тері, мата түрлерінен ұлттық нақыштағы бұйымдар: ертоқым, өмілдірік, үзеңгі, жүген, ноқта, қамшы сияқты ат әбзелдерін, ағаш астау жасаумен айналысады. Әлемнашрих Шәкенұлының басты мақсаты – ұсталық өнерді дамыту. Асқан төзімділік пен ептілікті қажет ететін өнерде көп жылдан бері шыңдалып, қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырған шебер көптеген байқауларға, көрме, жәрмеңкелерге белсенді қатысып жүрген танымал тұлға. Әлемнашрих Шәкенұлының қолөнер туындылары көпшілік көңілінен шығуда, шебердің ұлттық нақыштағы бұйымдары зор сұранысқа ие.
