1 наурыз – Алғыс айту күні Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлерімен Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетте «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты іс-шара өткізілді. Алғыс айту күні – барша қазақстандықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, қиын-қыстау кезеңде өз еркінен тыс Қазақстан жеріне келіп, екінші Отанын осы жерден тапқан әрбір ұлтқа қазақ халқының көрсеткен мейірімі, пейілі мен жомарттығының мерекесі. Кездесу барысында поляк ұлтының өкілі Ольга Сартова 1938 жылы Қазақстанға жер аударылған атасы туралы, ал ұлты неміс Людмила Хаврушина 1944 жылы жер аударылған анасы туралы әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Сол қиын-қыстау кезеңде әжесі поляк отбасын бауырына басқан Гүлмира Зарапова жер аударылғандарға қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы туралы айтып берді. Іс-шара барысында өткенге құрмет көрсетудің, қоғамдағы достық пен келісімнің, қамқорлық пен мейірімділік маңыздылығы туралы баяндалды.
Кездесу-кештің соңында қонақтар Алғыс айту күніне орай ұлттық тағам – құрттан дәм татты.

