Бүгін, 15 ақпан күні Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толды.
Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, осы жылдың 27 желтоқсанында КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Он жылға созылған сұрапыл соғысқа қатысып, бөтен елдің мүддесін қорғаған отандастарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Өздерінің денсаулығы мен өмірлерін қиып, жат елде әскери борышын өтеген өрендердің ерлігін ұрпақтар санасында мәңгі сақтау мақсатында 2003 жылы Көкшетауда ескерткіш ашылды. Мемориалдық тақтада Ауғанстанда қаза тапқан 89 сарбаздың есімдері жазылған. Ескерткіштің авторлары – суретшілер Т.Нұрсейітов және Б.Боқанов, сәулетші Б.Марамов.
