Көрнекті жазушы, прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов Көкшетау (қазіргі Солтүстік Қазақстан) облысының Қызылту ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында 1934 жылдың 1 ақпанында дүниеге келген.
Ол М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО Әдеби қорында Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған. Сәкен Нұрмақұлы өзінің жарты ғасырлық шығармашылық қызметінде ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі зор. Оның Сәкен сері атануы – оқырмандарының ғана емес, жалпы ел-жұртының біртуар тұлғаға деген ыстық ықыласы мен құрметі. Көкшетау өңірінің тарихына зерттеулері мен шығармаларын арнаған өнер иелерінің, қаламгерлердің ортасында Сәкен серінің орны ерекше.
Көсемсөз шебері ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы көшпелі қазақтардың әлеуметтік өмірі, тұрмысы мен әдет-ғұрпы көрініс тапқан «Ақан сері» атты тарихи дилогиясымен, оқырманды баурап алар шытырман оқиғалы «Жапандағы жалғыз үй» романымен, «Өшпейтін іздер», «Өткен күндер белгісі», «Заманай мен Аманай» сынды прозалық шығармаларымен, сондай-ақ «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Өлі ара» және т.б. драмалық туындыларымен, балаларға арналған бірқатар қызықты шығармаларымен қалың оқырманға кеңінен танымал.
1994 жылы көрнекті жазушыға Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Көкшетау қаласының №18 мектеп-лицейіне, қаланың бір көшесіне жазушының есімі берілген. Заңғар ойлы, зергер зейінді Сәкен Нұрмақұлының соңында қалдырған асыл мұрасы, көркем туындылары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық руханияттың баға жетпес қазынасы болып қала берері анық.