Музей экспозицияларында кейде тарихтың нағыз қазыналары кездеседі. Солардың бірі – біздің музейге келушілердің назарын дизайнымен және тарихымен тартатын таңғажайып сандықтар.
Сандық — халықтар тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Ол бағалы заттарды сақтау үшін пайдаланылып, байлық пен дәулеттің символына айналған. Музейге келушілерді сандықтардың жасалу техникасы қызықтырады. Әр бөлігін қолөнершілер асқан шеберлікпен жасаған сандықтың тарихы тереңде жатыр. Көшпенді халық үшін ол өте қолайлы болған. Сандықтың беті әр түрлі бояумен сырланып, өрнектеледі не айшықты қаңылтырмен, кейде өрнекті сүйекпен қапталады, екі бүйіріне тұтқа орнатылады. Ол көшпенділер үшін ыңғайлы тұрмыстық бұйым ғана емес, қазақ халқы мәдениетінің ең ежелгі бұйымдарының бірі.