Музейіміздің сирек кездесетін ретро жәдігерлердің бірі — «Комета» магнитофоны. 1950 жылдардың соңында әнсүйер қауым арасында тез таралып, сұранысқа ие болған музыкалық аппарат 1959 жылы Новосибирск машина жасау зауытында шығарылған. Ол түрлі дыбыс әсерлерін екіжолды жазу және ойнату үшін пайдаланылды. Магнитофонның алып жүруге ыңғайлы, дерматинмен қапталған ағаш чемоданы бар. Екі кассеталық катушкалар, таспа механизмі, коммутация тетіктері, таспаны кері айналдыру, микрофоннан дыбыс жазуға арналған қосылғыш ұяшықтары және т.б. осы сияқты механикалық-автоматты құрылғылары магнитофонды пайдаланудың қарапайымдылығының және дыбыс жазу мен ойнатудағы жаңа дәуірдің символына айналдырды. 1960 жылдардағы бұл кассеталық магнитофондардың маңыздылығы даусыз, өйткені олар қарапайым адамдарға өздерінің сүйікті ән жинақтарын қалыптастырып, оны басқалармен бөлісуге мүмкіндік берді.
