Қадралин Самат Қаршалұлы 1961 жылыдың сәуірде Ақмола облысы Балқашын ауданы (қазіргі Сандықтау ауданы), Новоселовка ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Көкшетау қаласының машина жасау техникумын өнеркәсіптік азаматтық құрылыс мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін Тұрғын үй құрылысы комбинатында еңбек еткен. Қарағанды политехникалық институтында (кешкі бөлім) білім ала жүріп, оқуын ағаш өңдеу жұмыстарымен ұштастырған. Самат Қаршалұлы ұлттық аспап — домбыра жасаумен 1990 жылдан бастап айналысып келеді және қазіргі кезде өз немерелерін де осы өнерге баулуда. Бүгінгі күні шебердің қолынан шыққан ұлттық аспаптар жоғары сұранысқа ие. Самат Қаршалұлының домбыраларына музыкалық мектеп оқушылары, колледж студенттері мен ұстаздары, сонымен қатар жеке адамдар тапсырыс беруде.Самат Қаршалұлы домбыра жасауда көбіне жаңғақ, емен ағаштарын қолданады, сонымен қатар қарағай,амарант қызғылт түсті, Тянь-шань шыршасы, венге,бубинга,эбен, полисандр, явор, америка жаңғағы, үйеңкі ағаштары домбыраның дыбысы жақсы шығуына әсерін тигізеді. Сондықтан да шебер біздің елде жоқ ағаштарды арнайы тапсырыспен шетелдерден алдырады. Домбыра жеті немесе тоғыз шанақтан құрап жасалады, әрі бір домбыра жасау үшін бірнеше ағаш түрлері қолданылады.



