Бүгін Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбуев Қадыржан Қабиденұлы 85 жасқа толар еді.
Қадыржан Қабиденұлы 1938 жылы 26 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы Көкшетау ауданына қарасты Талап ауылында дүниеге келген. 1962 жылы К. Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітірген.
Қадыржан Қабиденұлы өзінің туған елін зерттеуге үлкен үлес қосқан танымал тұлға. Оның «Көкшетау: тарихи очерктер» монографиясы (1997 ж.) осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпады және де барлық өлкетанушы тарихшылар мен қала тарихына қызығушылық танытқандар үшін үстел кітабы болып табылады. Сонымен қатар, оның зерттеулерінде Көкшетау өңірінің белгілі тұлғаларының тарихи портреттері ерекше орын алады. Ғалымның «Абылай хан: замандастары мен ұрпақтары», «Уәли хан», «Шоқан Уәлиханов және оның замандастары», «Ғұбайдолла Уәлиханов: өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» атты еңбектері бар.
26.12.2023
