Гүлнар Мырзағалиқызы — этно-қолөнер шеберханасының жетекшісі 1963 жылы 27 шілдеде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң политехникалық құрылыс техникумын ойдағыдай тәмәмдайды. Көптеген салаларда жұмыс жасайды. 1993 жылы Көкшетау қаласына қоныс аударады. Мәдениет саласында бірнеше жыл жұмыс жасап, осыдан 5-6 жыл бұрын киіз басу өнеріне ынта қойған. Алдымен киізден бас киім тіккен. Артынша түрлі қолғап, аяқ киім, кеудешелерді жасай бастады. Бүгінде он саусағынан өнер тамған шебердің жүздеген жеке туындысы бар. Қазақтың ұлттық, өнерін дәріптеп жүрген Гүлнар Мырзағалиқызы облыстық және қалалық деңгейлердегі түрлі көрме, байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған.
Гүлнар Мырзағалиқызы шығармашылығында «Құс табаны», «Қаз табан», «Бота мойын», «Бұғы мүйіз» тәрізді ою түрлерін қолдануда. Олар бір-біріне ұқсамайтын өзгеше бітімді, бөлек бедерлі бейнелер. Гүлнар Мырзағалиқызы жетекшілік ететін этно-қолөнер шеберханасы – жас жеткіншектерді киіз басып, керемет дүниелерді жасауға үйретеді.

30.11.2023