СӘБИТ МҰҚАНОВ. Қазақтың белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов қаламызға бір емес, бірнеше рет келген. Мысалы, 1964 жылы маусым айында Көкшетауда болған сапарында Көкшетау педагогикалық институтының студенттерімен және оқытушыларымен, партия және кеңес қызметкерлерімен, журналистермен кездескен. 1970 жылдың маусым айында Көкше жеріне өзінің 70 жылдық мерейтойына келген болатын.

ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВ. 1961 жылы маусымда Жданов атындағы кинотеатрда көшпелі сурет көрмесі өтіп, оған Қазақстанның халық суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеев қатысты.

ВОЛЬФ МЕССИНГ. Әлемге әйгілі гипнозшы және болашақты болжаушы Көкшетауға екі рет келген. Көкшетауда алғаш рет 1961 жылы наурызда, екінші рет 1967 жылы ақпанда болған. Ұлы сиқыршы өзінің ерекше қабілетімен, көрермендер тарапынан ойша берілген қандай да болмасын тапсырмасын бұлжытпай орындауымен көкшетаулықтарды таң қалдырған екен.

АНАСТАСИЯ ЦВЕТАЕВА. 72 жастағы жазушы Анастасия Цветаева Көкшетауға 1966 жылы немересі Маргарита Көкшетау педагогикалық институтына оқуға түсер кезде келген. Олар сол кездегі қаладағы жалғыз «Восток» қонақүйіне орналасады. Жазушы өз ойларын, алған әсерлерін, естеліктерін күнделігіне жаза жүріп, кейін өз жазбалары негізінде «Кәрілік пен жастық» атты әңгімесін (түпнұсқада «Көкшетау туралы повесть») жазған.

24.11.2023