Бүгін Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, ҚР ТЖМ құрметті ардагері, белгілі ақын және қоғам қайраткері Сырым Рахымұлы Рахымовтың туғанына 75 жыл.
Сырым Рахымов 1948 жылы 16 қарашада Көкшетау облысы Зеренді ауданы Қошқарбай ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Бескөл орта мектебінде аға пионервожатый қызметінен бастаған. 1967 жылы әскер қатарына шақырылып, әскери қызметтен кейін Целиноград транспорт құрылысы техникумын ойдағыдай тәмамдаған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жоғары білім алады. 1981 жылдан бастап ол өз өмірін төтенше жағдайлар қызметімен байланыстырады. Сырым Рахымұлы шығармашылығымен, ақындық өнерімен кеңінен танымал тұлға. Талантты ақын өзінің сүйікті қаласы Көкшетауға көптеген өлеңдер арнады. Туған қаласының мәдениеті мен әлеуметтік саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін Сырым Рахымұлына 2014 жылы Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.
Сырым Рахымұлы «Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл «, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан милиционері 20 жыл», «Мәслихаттарға 20 жыл», «Еңбек ардагері», «ҚР ТЖМ құрметті ардагері», «Қазақстан патриоты», «Қазақстан жауынгер-интернационалистерінің жауынгерлік бауырластығы» медальдарымен және «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «КСРО Азаматтық қорғаныс үздігі», “15 лет КТИ” төсбелгілерімен марапатталған.
Ақынның рухани мұрасы – қарымды қаламынан туған қуатты жырлары жадымызда мәңгілік сақталады.