Қорғанбек Аманжолов 1953 жылы 8 қарашада Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) Зеренді ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келген. Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы № 3 орта мектепті бітірген соң ҚазМУ-ң журналистика факультетіне оқуға түседі.
Өз еңбек жолын студенттік шағында бастады: Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде тілші болып жұмыс істеді. Қорғанбек Аманжолов «Кокшетауская правда», «Дала дидары», «Дәуір», «Сұхбат», «Егемен Қазақстан» газеттерінде, «Қаржы Қаражат», «Жұлдыз» журналдарында қызмет етті. Сонымен қатар, ол халыққа дарынды ақын-жазушы ретінде танымал. Оның өлеңдері қалың оқырманға белгілі, ең бастысы, көбі туған еліне арналған. Көкшетау мен Зеренді туралы өлеңдер оқырманның жүрегінде туған жерге деген ыстық естеліктерді, Отанға деген сағынышты ерекше жаңғыртады. Оның кейбір атақты өлеңдері: «Зеренді қарағайлары», «Көкше десем…», «Шәмші келген», «Жерден қымбат не бар-ау дүниеде», «Қанай — Абылай», «Хамит тағы».