Қаланың ең көне ғимараттарының бірі — лазарет ғимараты. Оның құрылысы 1913 жылы 8 қыркүйекте басталып, 20 ғасырдың басына тән эклектикалық стильде кірпіштен салынған. Терең жертөлесі бар лазареттің негізгі корпусы қызыл кірпіштен қаланып, құрылысы 1916 жылдың маусым айының соңында аяқталған.
1917 жылдан кейін лазарет ғимаратында 50 орындық 1-ші Кеңестік хирургиялық аурухана орналасқан және штатта 6 дәрігер мен 16 медбике еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнда № 2447 госпитальдің хирургиялық бөлімшесі орналасады. 1950 жылы құрылған Ақмола облыстық ауруханасының жылнамасы 1-ші Кеңестік ауруханадан бастау алады. Бүгінде бұл тарихи ғимарат медицина қызметкерлерінің жатақханасына бейімделген.