1939 жылы Көкшетау аудандық атқару комитетінің төралқасы қаланың коммуналдық шаруашылығына көкшетаулықтарды қала бойынша автобустардың үздіксіз қозғалысымен қамтамасыз етуді тапсырды. 1945 жылы тұрақты маршруттар мен жол жүру билеттерінің бағасы бекітілді. №1 маршрут Советская (қазіргі М.Әуезов) көшесімен Каганович (кейінірек — Октябрьдің 40 жылдығы, қазіргі — А.Бөкейхан) көшесіндегі қонақ үйге, мейрамханаға дейін өтті. Бұл маршруттың билет құны 1 рубль болды. №2 маршрут қаланы вокзалмен байланыстырды және оның жүру уақыты пойыздардың келуімен сәйкес келді. Жол жүру құны 3 рубльді құрады.1947 жылы КСРО Министрлер Кабинетінің Қаулысымен Көкшетауда автобус паркі құрылды. 1965 жылы бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын балабақшаларға тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінді. Ол таңертең К. Маркс (қазіргі Абай) көшесіндегі вокзалдан Ш. Уәлиханов көшесіндегі №3 балалар комбинатына дейін, кешке – кері бағытта жүретін. Қазір қалалық автобус көлігінің маршруттық желісіне төрт автобус паркі қызмет көрсетеді және жыл бойы 27, 6 маусымдық маршрутты құрайды.