Темірбаева Ақжүніс Қойшыбайқызы өзінің еңбекқорлығының арқасында жеке кәсібін ашып, бүгінгі күні «шілдехана», «бесік той», «сүндет той», «қыз ұзату», үйлену тойы,мүшел той және т.б.ежелден атадан-балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізге қатысты сәндік бұйымдарды жасаумен айналысады. Ақжүніс Қойшыбайқызы матадан немесе дайын киізден қоржын тігіп, оның бетіне қатты матадан ою-ойып, сәнді тігістермен, моншақ-тастармен және қолдан өрілген шашақпен әшекейлеу техникасын қолданады. Қалта-қоржындарды тігу барысында А. Қойшыбайқызы өзге дорба, көрпеше, текеметтерге қарағанда ерекше, кішкентай қос мүйіз, сыңар мүйіз сынды ою-өрнектер қолданады.Шебер жасаған қоржын-қалталар  түсінің қанықтығымен ерекшеленіп, бүгінде үлкен сұранысқа ие болуда. Басты қолданатын түстері:ақ, қою қызыл, ал қызыл.Барқыт матасынан тігіліп, түрлі ою-өрнек, жылтырақ тастармен әшекейленіп, барынша сән-салтанатқа сай тігілетін қалтаның үлгісі ежелгі пішінін сақтап қалған.