«Ұлттық мұра-ұрпаққа аманат» музейлік жоба аясындағы «Көкшенің қолөнер шеберлері» атты айдарымыздың келесі кейіпкері Ахмедова Ұлбосын Асқарқызы. Шебердің жүн және синтетикалық жіптерді қолдана отырып, кілем тоқу технологияларында орындаған әрбір туындысы туған жерге деген сүйіспеншілікке толы әрі жоғары көркемдігімен ерекшеленеді. Алуан түрлі түстердің үйлесімділігі арқасында Ұлбосын Асқарқызының жұмыстарында кеңістік пен ырғақтық қозғалыс сезіледі. Ұлбосын Ахмедова 1986 ж. бастап халықаралық, республикалық, облыстық көрмелерге белсене қатысып келеді. Педагогика саласындағы жетістіктері мен кәсіби шеберлігі және облыс пен қаланың қоғамдық өміріндегі белсенділігі үшін қалалық, облыстық, республикалық дәрежедегі мақтау қағаздарымен, дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталған. Қазіргі таңда Ұлбосын Асқарқызы кескіндеме өнерімен де қоса айналысуда. Ұ. Асқарқызының шығармашылық жұмыстары Франция,Германия елдерінің жеке коллекцияларында, сонымен қатар Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған.