
Ұлттық мереке – Республика күніне орай ата-бабаларымыздың дүниетанымын қастерлеуге, дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды насихаттауға бағытталған «Ұлттық мінез нышандары» айдарын назарларыңызға ұсынамыз!
Халқымызда «Батырдан – сауға, аңшыдан — сыралғы» деген мәтел бар. Сыралғы – көнеден келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің бірі. Аң аулаудан олжалы қайтқан аңшыға жол-жөнекей кездескен адам «майлансын!» деп, сыралғы сұрайтын болған. Яғни, сыралғы – аңшының мергендігімен қатар мәрттігін, қолы ашық жомарттығын көрсететін, ел мен елді, көрші-көлем, туысқандарды ынтымақ пен сыйластыққа бастайтын тамаша дәстүр. Бір қызығы, қақпанға түскен аңды алып, орнына бір зат қалдырып кетсе, ол да сыралғы ретінде саналып, ұрлыққа жатпаған.
