Музей қорында 1829 жылғы қара қазан сақталған. Жасалғанына 200 жылға жуық болған көне жәдігер шойыннан жасалған, диаметрі 68 см, биіктігі 45 см. Қазан ежелден басқа ыдыстардың арасында ерекше орынға ие. Қазандыққа орнатылған қара қазанда ас пісіретін адамды қазаншы дейді. Киелі ыдысты ата-бабаларымыз киізден немесе кенептен тігілген арнайы қазанқапта сақтаған. Қазанды оттан түсіру үшін тұтқыш — киізден тігілген, бір-біріне ұзын баумен жалғанған екі қолғап пайдаланған. Көптеген ізгі ырымдармен байланысты қара қазанды халқымыз ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалдырған.