«Ұлттық мұра-ұрпаққа аманат» музейлік жоба аясында «Көкшенің қолөнер шеберлері» атты айдарымызды жалғастырамыз.

Рүстем Хасенұлының авангардттық мәнерде жасалған алқа, сырға, шолпы, білезік, жүзік сияқты әйелдердің ұлттық әшекей бұйымдары таңғажайып кескін-келбетімен, ешкімге ұқсамас өзіндік қолтаңбасымен, сондай-ақ ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық нақыштағы ою-өрнектерімен, табиғат тылсымдылығын аңғартар құпия айшық-бедерлерімен, жасалу шеберлігімен ерекшеленіп, көз тартады. Шебердің зергерлік бұйымдармен қатар тері, ағаш,металдан преске, қалыпқа салып қысу, балқытқан металдарды арнаулы қалыптарға құю, бір металға екінші металды оюластырып жапсыру, тұтас металдың бетін ою, сызу арқылы өрнектеу, металдарға алтын, күміс жалату, металды қақтау, қуыстау, жұмырлау, домалақтау, шашақтау сияқты технологияларды қолдана отырып жасаған бірегей туындыларын Көкшетау, Петропавл қалалары мен Бурабай музейлерінің экспозицияларынан көруге болады.