Белгілі ағартушы, діни қайраткер, ғалым-теолог Науан Хазірет (Наурызбай Таласұлы) – Көкшетау тарихында маңызды орын алатын танымал  тұлғалардың бірі. Ол 1843 жылы Жылкелді ауылында (қазіргі Ақмола облысы Баратай ауылынан 3 шақырым жерде) батыр Талас Құттымбетұлының отбасында дүниеге келген. Наурызбай Таласұлының  халықты рухани ағарту жолында сіңірген еңбегі зор. Ғұмырын халқымыздың діни сауатын ашып, білім үйретуді көздеген ұлы тұлға Көкшетау қаласында  мұсылмандардың қайырымдылығына мешіт салумен қатар, мешіт жанынан интернаты бар медресе ашты. Медреседе діни біліммен қатар зайырлы білім берілді.

Ағымдағы жылы атақты жерлесіміздің 180 жылға толуына орай Көкшетау қаласында көптеген ауқымды іс-шаралар: «Науан Хазірет Таласұлының рухани ағартушылық қызметі және қайраткерлік тұлғасы» атты республикалық конференция, жылжымалы көрмелер, қала мектептерінің оқушылары арасында квест-ойындар мен дөңгелек үстелдер, облыстық ақындар айтысы өтті. Сонымен қатар ұлы тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты бірқатар  басылымдар жарық көрді. Ұлт жанашыры Науан Хазірет есімі Көкше тарихында алтын әріптермен жазылып, халқымыздың жадында мәңгі сақталары сөзсіз.