Осыдан 65 жыл бұрын, 1957 жылы Көкшетау қаласында «Қазэлеватормельмонтаж» құрылыс-монтаж басқармасы құрылған болатын. 40 жылдан астам уақыт Владимир Плюшко басқарған бұл кәсіпорынсыз қаламыздың өндірістік инфрақұрылымын елестету мүмкін емес. Оның жұмыскерлері: «Көкшетау» мәдениет Сарайын, қазақ және орыс драма театрлары ғимараттарын, «Оқжетпес» стадионын, қалалық саябақты, Даңқ аллеясын қалпына келтіруге атсалысты, сонымен қатар олар оннан астам көппәтерлі тұрғын үй тұрғызып, қала орталығын жарықтандыру, Қылшақты өзені арқылы өтетін көпірді және Әуезов, Саин, Әшімов көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асырды.
Кәсіпорын Куйбышев және Көкшетау ет комбинаттарын, Щучье құс фабрикасын, Айдабол спирт зауытын және Көкшетау шарап-арақ зауытын реконструкциялаумен айналысты. Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облыстары бойынша бірқатар диірмендер, құрама жем зауыттары, 14 элеватор құрылыстарына қатысты.
Қазіргі кезде «Элеватормельмонтаж ПКФ» ЖШС құрылыс-монтаждау, электрлік монтаждау жұмыстарын орындайды және металдан түрлі өнімдер шығарумен айналысады.