Шәріпов Рүстем Хасенұлы-1978 жылы 10 қазанда Көкшетау облысы Қызылту ауданы Херсон елді мекенінде дүниеге келген. 1996-2000 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінің көркем-графика бөлімінде оқыған. 2004 жылға дейін Көкшетау қаласының №6 орта мектебінде бейнелеу өнері, сызу және еңбек технологиясы пәндері мұғалімі ретінде қызмет еткен. 2003 жылдан бастап Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің «Туризм, Спорт және Дизайн» факультетінде, сонымен қатар университет жанындағы көпсалалы колледждің күндізгі және сырттай оқу бөлімдері студенттеріне металды көркем өңдеу, ағашты көркем өңдеу, СҚӨ негіздері, мүсіндеу, сурет салу, пластикалық анотомия, композиция пәндері бойынша сабақ берген. Қазіргі кезде Ш.Уалиханов атындағы университетте «Бейнелеу өнері, сызу және дизайн» кафедрасының оқытушысы, сонымен қатар шебер еркін шығармашылықпен айналасуда. Рүстем Хасенұлының авангардттық мәнерде жасалған алқа, сырға, шолпы, білезік, жүзік сияқты әйелдердің ұлттық әшекей бұйымдары таңғажайып кескін-келбетімен, ешкімге ұқсамас өзіндік қолтаңбасымен, сондай-ақ ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық нақыштағы ою-өрнектерімен, табиғат тылсымдылығын аңғартар құпия айшық-бедерлерімен, жасалу шеберлігімен ерекшеленіп, көз тартады. Шебердің зергерлік бұйымдармен қатар тері, ағаш,металдан преске, қалыпқа салып қысу, балқытқан металдарды арнаулы қалыптарға құю, бір металға екінші металды оюластырып жапсыру, тұтас металдың бетін ою, сызу арқылы өрнектеу, металдарға алтын, күміс жалату, металды қақтау, қуыстау, жұмырлау, домалақтау, шашақтау сияқты технологияларды қолдана отырып жасаған бірегей туындыларын Көкшетау, Петропавл қалалары мен Бурабай музейлерінің экспозицияларынан көруге болады.
