Шот-Аман (Шота) Ыдырысұлы Уәлиханов (1932-2021жж) – көрнекті қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Көкшетау Мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры – 1932 жылғы 26 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Сырымбет ауылында дүниеге келген. Шот-Аман Ыдырысұлы – көрнекті этнограф және зерттеуші Ш.Уәлихановтың ұрпағы.
Ол Мәскеу сәулет институтында арнайы білім алып, еңбек жолын Алматы қаласындағы «Казгорстройпроект» мемлекеттік жобалау институтында сәулетші болып бастаған. Кейін Алматы қаласының бас сәулетшісінің орынбасары, республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, «Казграждансельпроект» жобалау институтында бас сәулетші қызметтерін абыроймен атқарған. Мемлекетіміздің бас символы – елтаңбамыздың авторы ретінде ел тарихы жылнамасына зор үлес қосқан қазақ елінің мақтан тұтар зиялы азаматтарының бірі. Шота Ыдырысұлы еліміздегі көптеген ғимараттар мен монументтердің, жиырмадан астам ескерткіштердің, соның ішінде қаламыздағы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновке арналған ескерткіштің авторы.
«Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерімен, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атақтарының иегері.