Әбутәліпов Чапай Мүталлапұлы (1939-2016 жж.) – Көкше өлкесінің көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі, еңбек ардагері — 1939 жылы 4 желтоқсанда Көкшетау облысы Көкшетау ауданына қарасты Қызылсая ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1963 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін «Целинсельхозтехника» облыстық бірлестігінің аға инженері болып бастап, 1964-1975 жылдары Көкшетау ауданы «Молодежный» елді мекенінде бас инженер, кейін С. Сейфуллин атындағы кеңшар директоры болып еңбек етеді. 1975-1985 жылдары Көкшетау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы және Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарады. 1985-1990 жылдар аралығында Еңбекшілдер аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Целиноград облыстық комитетінің хатшысы болды. 1990-1994 жылдары – Көкшетау облыстық комитетінің бірінші хатшысы және халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы, 1994-1997 жылдары «Агропромэнерго» бірлестігінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1997 жылдан бастап Чапай Мүталлапұлы облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары, 2001 жылдан бастап кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Чапай Мүталлапұлы Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Жүрегі «елім» деп соққан біртуар тұлғаның ел алдындағы ерен еңбегі ұрпақтарға өнеге.