Темірбаева Ақжүніс Қойшыбайқызы  1989 жылы Бұқара қаласында дүниеге келген. 2000 жылы отбасы Қазақстанға көшіп, Ақмола обылысы Зеренді ауданы Қызылтаң елді мекеніне қоныстанған. 2011 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» факультетін тәмамдап, 3 жыл жарнама агенттігінде дизайнер қызметін атқарған.
Ақжүніс Қойшыбайқызы өзінің еңбекқорлығының арқасында жеке кәсібін ашып, бүгінгі күні «шілдехана», «бесік той», «сүндет той», «қыз ұзату», «үйлену тойы», «мүшел той» және т.б. ежелден атадан-балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізге қатысты сәндік бұйымдарды жасаумен айналысады. Ақжүніс Қойшыбайқызы матадан немесе дайын киізден қоржын тігіп, оның бетіне қатты матадан ою-ойып, сәнді тігістермен, моншақ-тастармен және қолдан өрілген шашақпен әшекейлеу техникасын қолданады.
Қалта-қоржындарды тігу барысында А.Қойшыбайқызы өзге дорба, көрпеше, текеметтерге қарағанда ерекше, кішкентай қос мүйіз, сыңар мүйіз сынды ою-өрнектер қолданады және шебер жасаған қоржын-қалталар түсінің қанықтығымен ерекшеленіп, бүгінде үлкен сұранысқа ие болуда. Басты қолданатын түстері: ақ, қою қызыл, алқызыл. Барқыт матасынан тігіліп, түрлі ою-өрнек, жылтырақ тастармен әшекейленіп, барынша сән-салтанатқа сай тігілетін қалтаның үлгісі ежелгі пішінін сақтап қалған. А.Темірбаева 2017 ж. ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіндегі Ақмола облысы мәдениеті күндері аясында «Этноауыл» Ұлттық-мәдени кешенінде өткен сәндік қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесіне қатысып, арнайы марапатқа ие болған.