Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов — даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы Ақмола обылысы Целиноград ауданына қарасты Майбалық ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен ұшқыш болуды армандаған ол, 1940 жылы Балашов әскери авиация мектебіне оқуға түсіп, кейін Чкалов әскери авиация училищесіне ауысады. 1943 жылы қаңтар айында майданға аттанып, әуе ұрыстарында ерен ерлігімен ерекшеленеді. Атақты ұшқышқа Кеңес Одағының Батыры атағы алғашқы рет 1944 жылдың 26 қазанында Знаменка, Кировоград қалаларын жаудан азат ету кезіндегі ерлігі, яғни, жаудың 4 ұшағын жойғаны үшін беріледі. Ол Курск доғасындағы, Кишинев, Берлин және Прага маңындағы ұрыстар кезінде 305 рет жауынгерлік тапсырмаларға ұшып шығып, жаудың бекіністерін, әуежайларын, теміржол тораптарын, көпірлер мен шоғырланған жау әскерін қиратып, жермен жексен етеді. 1945 жылдың 27 маусымында ұрыстарда көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. Адамзат тарихындағы ең бір қанқұйлы соғыста өшпес ерлігімен көзге түскен Ақмоланың ақиық қыранының аяулы есімі ұрпақтан-ұрпаққа жасай берері сөзсіз.