22 маусым — көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистiк Еңбек Ерi Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың туған күні.
Көкше өңірінің өркендеп, дамуына үлес қосқан болмысы биік біртуар тұлғалардың бірегейі Еркін Нұржанұлы 1930 жылдың 22 маусымында Көкшетау облысы Рузаев ауданы Фрунзе ауылында дүниеге келген.
Ол 1948 жылы Шұқыркөл орта мектебiн үздiк тәмамдап, осы жылы Мәскеудегi Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясына түсiп, оны 1953 жылы үздiк бiтiрген. 1953-1961 жылдар аралығында Солтүстiк Қазақстан облысындағы МТС агрономы, МТС және совхоз директоры, ал 1961 жылдан бастап партиялық қызметтерді атқарған.
Еркін Әуелбеков Қазақстанның үш аймағын — Көкшетау, Торғай және Қызылорда облыстарын үлкен абыроймен басқарған.
1968-1978 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметін атқарған жылдары өлкеміздің ауылшаруашылығы, құрылыс саласы қарқынды өркендеп, тұрғындардың тұрмыс ахуалы айтарлықтай жақсарғаны – Еркін Нұржанұлының ерекше іскерлігінің, халыққа деген сүйіспеншілігінің, даналығы мен даралығының айқын көрсеткіші. Осы жылдары облысымыз Қазақстанда және Кеңес Одағында алдыңғы қатарда болды. Республика бойынша үлкен жетістіктерге жеткен облысымыз сол кезеңдегі жоғары мемлекеттік марапат — Ленин ордені иегері атанды. Еркін Нұржанұлы қайсарлығы, өжеттігі, ұлтжандылығы, кемеңгерлігі, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен, еңбекқорлығының арқасында қарапайым халықтың шексіз құрметіне, абырой мен беделге ие болды. Ол Социалистiк Еңбек Ерiнің Алтын Жұлдызымен, үш мәрте Ленин орденімен, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Өмірлік ұстанымдары, адами болмысы, ерен еңбегі ұрпақтарға өнеге нар тұлға – Еркін Нұржанұлына деген халқының зор құрметі мен сүйіспеншілігі ешқашан өшпесі анық!