Төлеген Қажыбай – ақын, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы
Талай ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған Көкшенің тарихы өте бай, киелі жеріміз сол тарихты жасаушы біртуар тұлғаларға да кенде емес. Солардың бірі – Төлеген Сыздықұлы Қажыбай 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы (бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданы) Тайынша ауданы Қарағаш ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкше¬тау правдасы» газетінде бастайды. Кейін Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде, облыстық телерадио комитетінде, Көкшетау облыстық газеті редакторының бірінші орынбасары, облыс тарағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан», Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеттері редакцияларында еңбек етсе, тәуелсіздік жылдары «Бұқпа» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарған.
Өлеңді – өміріне, прозаны – тағдырына, драматургияны – бақытына балаған ақиық ақын, жазушы Төлеген Сыздықұлы «Жолбасы», «Жанымның жапырақтары», «Жырлайды жүрек», «Қарасай дастан», «Сексен көл сылдыры», «Жыр-ғұмыр», «Айналайын атыңнан», «Құлан қырғыны», «Қан кешу», «Махаббат әні», «Жеті жыл», «Көкшетау қарлығаштары», «Ақиқат жолы – алыс жол», «Самурайдың серт семсері», «Сәуле – менің ауылым» кітаптарының авторы. «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», «Зауал», «Хан Кененің қазасы» драмалары еліміздің драма театрларында сахналанып, көрермендер жүрегінен орын алуда.
