Ұлттық домбыра күніне орай жаңа жағалауда «Көкше — өнер маржандары» өнер фестивалі өтті. Мерекелік бағдарлама аясында Көкшетау қаласының музейлері көпшілік назарына арнайы көрме ұсынды. Көрмеге қала музейлерінің қорларынан алынған белгілі ақындар мен сал-серілердің домбыралары қойылды.
Қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың қасиетті аспабы ұлықталған рухани кешке жиналып, «Музейге жәдігер сыйла» акциясына үн қосты. Белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова өзінің 40 жыл бойы серік еткен киелі домбырасын Әдебиет және өнер музейіне сыйға тартты.






