Марат Өмірбайұлы Ыбыраев – ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, саясаттану ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз. Марат Өмірбайұлы 1958 жылы 16 қаңтарда Петропавл қаласында дүниеге келген. Мектепті аяқтағаннан соң 1976 жылы Көкшетау педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1980 жылы тәмамдағаннан кейін Володар ауданы Светлое ауылы мектебінде физика және математика пәндерінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Марат Өмірбайұлы – білім беру саласындағы адал қызметінің, қажырлы еңбегінің, тынымсыз іздемпаздығының арқасында ауыл мектебінің физика пәні мұғалімінен облыстық басқарма басшысына дейін көтерілген өнегелі тұлға.
Ыбыраевтар әулеті – педагогтік қызметті ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен, ғұмырларын ұстаздық жолына арнап, талай шәкірт бойына ізгілік шуағын дарытқан, ұрпақ тәрбиелеудегі игілікті еңбектері арқасында елімізді әлемге танытатын білімді шәкірттер тәрбиелеуге сүбелі үлес қосқан үлгілі әулет.
Марат Өмірбайұлы 1985-1987 жылдары – директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 1987 жылдан бастап Көкшетау қаласының №2 орта мектебінде физика пәні мұғалімі болып қызметін жалғастырады. 1988 жылы М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-интернаты директоры, кейіннен, 1990 жылы қаламызда жаңадан ашылған №19 орта мектептің директоры болып тағайындалады. 1997 жылдан Көкшетау қаласы Білім беру департаментінің, басқармасының, бөлімінің бастығы, 2004 жылдан – Ақмола облыстық мемлекеттік қызметкерлер мен білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты Мемлекеттік қызметкерлерді оқытып-үйрету орталығы директорының орынбасары, ал 2005 жылдан сол мекеменің директоры болып қызмет атқарады. Марат Өмірбайұлы 2008 жылдан бастап Ақмола облысы Білім беру басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды.