Аймағымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып жүрген біртуар тұлға, еңбек ардагері Шияп Шарапұлы Әлиев 1943 жылы 4 ақпанда Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысы Зеренді ауданына қарасты Баратай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған жас ұстаз білім саласындағы қызметін Пахарь ауылындағы сегіз жылдық мектептен бастаған. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсібилігі, еңбекқорлығы еленіп, бір жылдан кейін Абай ауылындағы орта мектеп директоры, кейін аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, Көкшетау аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі бастығы, жеті жыл бойы Красный яр ауылының №1 орта мектебінің директоры қызметтерін абыроймен атқарған.
90-жылдардың басында Шияп Шарапұлы КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаты Мақтай Сағдиевтің көмекшісі, облыстық халық депутаттары Кеңесінің бөлім меңгерушісі, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттарының тексеру комиссиясының төрағасы болып еңбек етті. Шияп Шарапұлы туған өлкеміздің өркендеп дамуында, кезінде Көкшетаудың облыс орталығы мәртебесін қайтаруда үлкен рөл атқарған қоғам қайраткері. Зейнеткерлікке шыққанға дейін сегіз жыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көші-қон департаментінің бастығы қызметін атқарған. Ол қашанда адал еңбегімен, салиқалы ойымен, тұшымды пікірімен таныла білген, зейнеткерлік демалыста жүрсе де, өмір ағымына үн қосып, қоғамдық жұмыспен белсенді айналысып, бүгінгі күні Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесін басқаруда.
Шияп Шарапұлы «Құрмет”, «Парасат» ордендерінің иегері, “Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі”. Сонымен қатар “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 (20) жыл”, “Қазақстан мәслихатына 20 жыл”, “Алаш” медальдарымен, бірқатар Құрмет грамоталарымен марапатталған.