Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов (1934–2006жж.) – көрнекті жазушы, прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы. Сәкен Нұрмақұлы Көкшетау (қазіргі Солтүстік облысы) облысының Қызылту ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында 1934 жылдың 1 ақпанында дүниеге келген. Еңбек жолын, Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін, “Пионер” журналында әдеби қызметкер болып бастаған Сәкен Нұрмақұлы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО Әдеби қорында Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған. Қаламгердің балаларға арналған алғашқы «Сонарда» атты кітапшасы 1959 жылы, 1962 жылы «Кімнің мекені жақсы», 1983 жылы «Сақау бәтеңке» атты кітаптары жарық көрді. Сәкен Нұрмақұлы «Өшпейтін іздер», “Заманай мен Аманай” повестерінің, «Жапандағы жалғыз үй» романының, «Ақан сері» дилогиясының авторы. Оның драматургия жанрындағы “Ажар мен ажал”, “Тұтқындар”, “Қызым, саған айтам”, “Жаралы гүлдер”, “Қос анар”, “Өліара” тағы басқа шығармалары Республика театрларында сахналануда.

Қарымды қаламгер, біртуар тұлға Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтың есімі келер ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. 1994 жылы көрнекті жазушыға Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Көкшетау қаласының № 18 мектеп-лицейіне, қаланың бір көшесіне жазушының есімі берілген. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жазушының көркем сөзбен өрнектелген туындылары қазақ руханиятының алтын қазынасы болып қала бермек!