Мейрам Мырзахметұлы Ғибадилов – Ақмола облыстық сотының отставкадағы судьясы, сот жүйесінің ардагері. Мейрам Мырзахметұлы 1947 жылы 7 қарашада Көкшетау облысы Қызылту ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген. Свердлов заң институтын тәмамдаған жас маман сот жүйесіндегі еңбек жолын Қызылту аудандық сотында сот отырысы хатшысы, кейіннен адвокаттық қызметтен бастап, тынымсыз ізденіс, терең білім, іскерлік қабілеті арқасында әр жылдарда Рузаев, Ленинград, Щучье аудандық және Ақмола облыстық соттарының судьясы, сот төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. 2011 жылдан бергі уақытта Ақмола облысы бойынша ардагер судьялар Кеңесін басқаруда. Қоғам мүддесі, адам құқығы мен бостандығын қорғау жолындағы қажырлы еңбегімен ел мейіріміне бөленген Мейрам Мырзахметұлы еліміздің сот жүйесінің қалыптасып, нығаюына көп еңбек сіңірген танымал тұлға. Мейрам Мырзахметұлының бастамасымен өлкеміздің сот тарихын сақтап, судьялардың еңбегін жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында Ақмола облыстық сот жүйесінің даму тарихы музейі құрылған болатын. Облыс соттарында ашылған даналық пен әділдіктің символындай болған үш бидің ескерткіштері мен монументтері, сот жүйесінің даму тарихы музейіндегі Ұлы Отан соғысынан бұрын және соғыстан кейінгі жылдары Ақмола облысының сот жүйесінде еңбек еткен майдангер судьяларға арналған Жауынгерлік Даңқ залы экспозициясы – Мейрам Мырзахметұлының тынымсыз ізденістерінің, іскерлігі мен берік ұстанымының, қажырлы еңбегінің жемісі!

Қазылық қызметінде әділдік әдебінен айнымай, таразы басын тең ұстаған Мейрам Мырзахметұлының облысымызда сот жүйесін қалыптастырудағы, сот төрелігін жүзеге асырудағы және қоғамдық қызметтегі еңбегі орасан зор. Қоғам игілігіне атқарған адал еңбегі үшін Қазақстан Республикасы судьялары Одағының “Үш би” құрмет белгісінің және Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы атағының, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаты, бірқатар мерейтойлық медальдардың иегері. Еңбек ардагерінің жоғары кәсібилігі, өз ісіне деген адалдығы, іскерлігі – сот жүйесіндегі жас мамандарға үлгі-өнеге.