Бисен Жұмағалиұлы Жұмағалиев белгілі журналист, еңбек және соғыс ардагері, қоғам қайраткері. Бисен Жұмағалиұлы 1922 жылдың 22 желтоқсаны күні Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданына қарасты Сайқұдық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы педагогикалық училищені бітірген жас маман еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастайды. Ол 1942 жылдың қаңтар айында майданға аттанып, 13-дивизияның құрамында Ленинградты қорғауға қатысады. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары Бисен Жұмағалиұлы қару мен қаламды қатар ұстаған әскери журналист. Оның «На страже Родины» газетінде жарияланған қарулас жолдастарының ерен ерлігі туралы талай мақалалары қан майданда жауынгерлердің жігерін жанып, рухын қайраған. Майданнан елге оралған соң Бисен Жұмағалиұлы журналистік қызметін бейбіт өмірге арнайды. 1947-1949 жылдары БҚО партия комитетінде үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушы, 1949-1951 жылдары облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде редактордың орынбасары, редактор қызметтерін атқарады. Бисен Жұмағалиұлы Қазақстан компартиясы Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы лауазымында абыройлы еңбек етіп, облыстағы саяси-идеологиялық жұмыстарға жетекшілік жасайды. Қаламы қарымды майдангер-журналист елімізге танымал көптеген ақын-жазушылармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жолдас болған. Заманымыздың заңғар тұлғалары Д.Қонаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Жароков, Х.Есенжанов жөнінде көркем очерктер жазған. Бисен Жұмағалиұлы «Қазақтар Ленинград майданында», «Дары степных просторов», «Обновленная степь», «Шолохов Қазақстанда» кітаптарының авторы. 1985 жылы Көкшетау қаласындағы В.Куйбышев атындағы мемориалдық музей директоры қызметін атқарған Бисен Жұмағалиұлы музей жұмысының өркендеуіне атсалысып, жас ұрпақтың патриоттық тәлім-тәрбиесіне де орасан зор үлес қосты. Көкшетау қаласынан Орал қаласына қоныс аударған соң, Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Бисен Жұмағалиұлына 1999 жылы Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.
Балалық бал дәурені қиындықпен өткен, жалын жастығын қан майданда шыңдаған соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиевтің шежірелі өмір жолы ұрпақтарға өнеге.