Аманжол Ыдырысұлы Есмағұлов ұлағатты ұстаз, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері. Аманжол Ыдырысұлы 1943 жылдың 24 қаңтарында бұрынғы Көкшетау облысының Арықбалық ауданына қарасты Әлжан ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман алғашқы еңбек жолын мектеп мұғалімінен бастап, 15 жыл мектеп оқушыларына білім берумен айналысады. Кейінгі қырық жылдан астам уақыт бойы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде қызмет етіп, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, бойларына адами асыл қасиеттерді дарытқан ұлағатты ұстаз, әдебиеттанушы-ғалым бүгінгі күні туған өлкеміздің қоғамдық өміріне, жастарға тағылымды тәрбие беру бағытындағы іс-шараларға белсене қатысуда.