Қымбатты достар, біз Көкшетау қаласының шығармашыл адамдарымен таныстыратын “Степной Маяк” газетімен бірлескен жобамызды жалғастырудамыз. Қаламыздың көптеген тұрғындарына Ақмола облысының “Синегорье палитрасы” («Палитра Синегорья») сәндік-қолданбалы өнер бірлестігі шеберлерінің қызықты, айқын жұмыстары жәрмеңкелерден жақсы танымал. Бүгін керемет әсем бұйымдар жасаумен айналысатын шебермен танысайық. Гаукар Қожахметова қолөнермен бала кезінен айналысады, тігуді және тоқуды анасынан үйренген. Мектепте ол кесте тігуге қызығушылық танытқанымен, кейіннен біраз жылдар бойы оны назардан тыс қалдырып, қызы өсіп, бос уақыты көп бола бастаған кезде ғана қолына қайта алған екен.
Шебердің айтуынша, ол әрқашан ауқымды заттарды жасауды ұнатады: тоқыса – тек пальто, жемпір немесе шалбар және әрқашан әдемі көлемді оюмен өрнектелген. Бірде ол кездейсоқ дүкенге кіріп, кесте тігуге арналған жиынтықты көреді де, қолөнермен айналысып көруді қолға алуға ниеттенеді. Осылайша оның басты хоббиі пайда болған екен. Қазір ол жіптермен, бисермен, таспалармен кестелейді. Уақыт пен шыдамдылықты талап ететін күрделі, нәзік жұмыстарды орындағанды жақсы көреді.
Үлгілерді көбінесе интернеттен алады, бірақ әрқашан өзіндік қолтаңбасын қалдыруға тырысады: ол жіптер мен моншақтардың алуан түрлі реңктерін таңдайды, толықтырады немесе артығын алып тастайды.
Гаукар Қожахметованың еңбек жолы шығармашылықтан алшақ, ол “Агример Астық” ЖШС кадрлар бөлімінің бастығы болып жұмыс істейді. Бірақ қолөнер шебері қайда жүрсе де, өзінің сүйікті ісінен бір сәтке де қол үзбейді, әрқашан өзімен бірге жол жиынтығы – шағын сурет пен жіптерін ала жүреді.
Сәулет өнері, далалық бейнелі пейзаждар, гүлдер, құстар мен жануарлар шебердің бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылатын картиналарының сюжеттеріне айналады.
“Мұндай хоббимен жақын адамдарыма мерейтойлар, үйлену тойлары және қоныс тойларына сыйлық таңдауда қиындықтар болмайды: менің әуестігім туралы білетін жақындарым мен достарым жібек, моншақ немесе таспалармен кестеленген картиналарға немесе сағаттарға тапсырыс береді. Шығармашылығым көпшіліктің көңілінен шығып, адамдарға қуаныш сыйлайтындығы мені қатты қуантады “, – дейді Г.Қожахметова.