“Степной Маяк” газетімен бірлесе қолға алынған “Таныс болайық – біз шығармашылықты жақсы көреміз!” атты жоба көкшетаулық дарынды тұлғалармен таныстыруды жалғастыруда.

Серікбай Жаныбековтың әлеуметтік желілердегі фото және видеоларына көпшілік қызығушылық танытып, танымалдылығы артуда, алайда керемет шығармашылық жұмыстардың авторы кәсіпқой маман емес екенінен оқырмандардың көбі беймәлім. “Фотография саласы бойынша менің кеңесіме жүгінген жандарға бұл салада теориялық тұрғыда ешқандай білімім жоқ десем, таңғалады. Егер мен фотографиямен кәсіби түрде айналыса бастасам, уақыт өте келе сол фотографтардан ешбір ерекшелігім болмас еді. Теориялық негіздерді меңгергеніммен, мүмкін ең маңыздысынан қол үзіп қалар едім. Әзірге мен ережелерді білмеймін, бірақ өз сезіміме жүгінемін, әр кадр эмоциялы болғанын қалаймын, көрермендеріме позитив сыйлауға тырысамын» – дейді Серікбай Айсерікұлы.

Ол бала кезінен әдемі пейзаждардың суреттерін жинаған, алғаш рет фотоаппаратты қолына 10 жасында алған екен. Бірақ нағыз қызығушылығы студент шағында, өз еңбегімен тапқан қаражатқа алғашқы камералы телефон сатып алып, жүрген әрбір жерді суретке түсіре бастаған кезден басталған. Уақыт өткен сайын телефон түрлері өзгергенімен оның хоббиі өзгермеген. Есесіне, фотосуреттерімен көпшілікпен бөлісу ниеті пайда болған. Әлеуметтік желілердің арқасында бұл қиын шаруа емес: Серікбай Айсерікұлы екі блог жүргізеді: шығармашылық және кәсіби.

Ауылшаруашылық институтының “инженер-механик” мамандығы бойынша түлегі мұндай қызмет саласын таңдағанына ешқашан өкінбегенін айтады. Ол ірі агрохолдингтерде жұмыс істеді, астық шаруашылығын басқарды… Бүгінгі күні Қызылжар қаласындағы сүт зауытын басқарады. «Бірақ менің жүрегім де, үйім де әрқашан Көкшетауда… Егер шығармашылық шабыт туралы айтатын болсақ, онда ол әрқашан менімен бірге. Кейде, адамдар күнделікті күйбеңмен жүріп, айналасына мән бермейді, табиғаттың сұлулығын байқамайды. Олар үшін мен ауыл шаруашылығы туралы блог жүргіземін: суретке түсіремін, заманауи техниканы көрсетемін, қалаларды ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ететін қарапайым еңбек адамының күнделікті өмірі туралы баяндаймын, өмірдің әр сәтінің поэтикасын жылтыраған әдемі қалыпта емес, жүрегімнің үніне құлақ аса отырып ашуға тырысамын. Бұл өте маңызды”, – дейді ол.

Серікбай алғашқы дронды ауылшаруашылық мақсаттары үшін сатып алған: аппараттың көмегімен егін өсімін және егістіктердің химиялық өңдеуден кейінгі жағдайын қадағалап, бағалауға болады. Бірте-бірте оның құстың ұшу биіктігінен бейнетүсірілімдер жасауға қызығушылығы арта бастайды. Оның айтуынша, дроннан түсіру әлемді екінші жағынан, ерекше көзқараспен көруге мүмкіндік береді. Сөйтіп, автордың желілерде көпшілікпен бөлісіп жүрген бейнероликтері пайда болды.

Бос уақыты туралы сұраққа Серікбай Айсерікұлы: “Өмір өте жылдам өтуде, оның әр минуты мағына мен әрекетке толы болуы керек. Адамды осы әлемге жаратылып келген соң жоғарыға, күнге қарай талпынатын гүлге теңеуге болады. Біз үнемі өзімізді сомдаумен айналысамыз, әр уақытта өз-өзімізді жетілдіріп, өз саламызда ең жақсы болуға тырысуымыз қажет. Сонда әлем мейірімдірек және жақсырақ бола түседі”, – деп күлімсіреп жауап берді.