Көкшетау қаласының тарихы музейі “Степной Маяк” газетімен бірлескен “ТАНЫС БОЛАЙЫҚ – БІЗ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ!» жобасын жалғастыруда.

Бәрін сүйіспеншілікпен жасаймын – бұл  жас қолөнерші Адель Хамитованың  ұраны. Оның қолынан шыққан бұйымдар тек Көкшетауда ғана емес, қаладан тыс жерлерде де сұранысқа ие, тапсырыстар бүкіл Қазақстаннан келіп түседі. Адель небәрі 11 жаста болса да, оның Инстаграмдағы  парақшасы өте танымал. Онда жас дарын табиғи тастардан жасалған білезіктердің суреттерін, өзінің түрлі тағамдар дайындау барысын, би билеп, ән салған бейнероликтерін, сондай-ақ кәсіби фотосессиялардан суреттерін орналастырады. Адель ұннан тәтті тағамдар пісіру бойынша шеберлік сыныптарын және моншақ  пен әшекейлерден сәндік бұйымдар жасау бойынша онлайн-оқытуды, сондай-ақ танымал қазақстандық блогерлер мен бизнесмендер Арман Юсупов пен Карина Оксукпаеваның Инстаграм жүргізу курстарын өткен.

Қазір ол әлеуметтік желілердегі тәлімгерлерінен үйреніп, кеңес алуды жалғастыруда. Адель түрлі тағамдарды керемет дайындайды, тәжірибе жасап, қамырмен “әлектенуді” ұнатады, дәмді кекстер, торттар мен бәліштер пісіреді. Оның әр қолөнері –  ерекше нәзік, бірегей жеке туынды.  Адель табиғи сапалы материалдардан жасалған зергерлік бұйымдар адамдарға қуаныш сыйлап қана қоймай, түрлі салаларда жетістікке жетуге көмектеседі деп санайды. Мысалы, Адель білезіктерді жеке тапсырыс бойынша жасайды.

Ол алдымен бұйымның дизайнын мұқият әзірлеп, түсін таңдайды, тапсырушының өтініші бойынша есімін немесе кез келген сөзді өрнектеп жаза алады. Жас шебер тастарды әркімнің жұлдызнамасына, туған күніне сай таңдайды. Мұндай әшекей бұйымдар ерекше сұранысқа ие. Ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған сәнді жиынтықтар – туған күндер мен мерекелерде таптырмас сыйлықтар. Сұранысқа кеңінен ие бұйымдарының бірі  – тибеттік дзи тасты білезіктер, оларды “құдай тастары” деп те атайды. Адель бұл тастардың адамдарды сауықтыратын, қуат беретін, сәттілік әкелетін және түрлі аурулардан қорғай алатын сиқырлы күшіне сенеді.

Қолөнерші қыздың қолынан шыққан жеке пайдалануға арналған таспиықтар мен  көлікке арналған әшекей бұйымдар түсінің алуан түрлілігімен, өзара үйлесімділігімен, ерекше дизайнымен көз тартады.

Сондай-ақ, моншақтарда даналықтың нышаны болып табылатын үкінің, пілдің бейнесін, тұтастықты білдіретін құлып пен кілтті көруге болады. Таспиықтар жағымды иісі бар ерекше сәнді аксессуарлардан жасалған. Адель сәбилер үшін көңілді жануарлар бейнесінде емізік ұстағыштар мен тістеріне жұмсақ кеміргіштер жасайды. Сондай-ақ, Адельге клиенттер танамоншақ не тұмар ретінде тағуға болатын керемет әдемі түйреуіштерге көп тапсырыс береді. Адельдің әлеуметтік желі парақшасындағы  тапсырыс берушілердің  пікірлірі “Қандай ақылды, дарынды қыз! Нағыз қолөнерші” деген ризашылық сезімге толы. Ол ерекше әдемі бұйымдары үшін алғыс ретінде осындай пікірлер алады. Адель бизнесті жауапкершілікпен жүргізеді: оның шығындар мен кірістерді, тапсырыс санын жазуға арналған дәптері, өз логотипі бар. Айтпақшы, тапқан табысына ол тек  “Моншақтар әлемі” («Мир бус») дүкенінен аксессуарлар сатып алып қана қоймайды, сонымен қатар математика пәнінен қосымша сабақтары үшін ақы төлейді, жақындары мен достарына сыйлықтар жасайды.

Анасы Анна Лапшинаның айтуынша, Адель мейірімді, тәуелсіз және ынталы қыз. Қазір ол № 17 орта мектептің 6-сыныбында оқиды. Оқу мен қолөнерден басқа, ол әрқашан үйде ата-анасына көмектеседі, бауырларына қамқорлық жасайды. Жас қолөнерші әлемде әр жасалған мейірімділік пен жақсы қарым-қатынас жағымды тосынсый, қызықты кездесулер ретінде әркімге жақсылықпен қайтарылатынына сенеді.